Елордада Есіл жағалауындағы мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды

Бүгін, 10:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада Есіл жағалауындағы мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада ауа райының күрт жылынуына және қардың еруіне байланысты Есіл өзенінің жағалауында орналасқан мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы елордалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлап, қала тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауа райының күрт жылынуы салдарынан Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы азайған. Қазіргі уақытта өзен арнасындағы мұздың қалыңдығы 22 сантиметрді құрайды, ал кейбір учаскелерде (Орталық жағажай аумағында) 35-37 сантиметрге жетеді.

«Осыған байланысты Жаңа жыл мерекелері кезеңінде тұрғындар қауіпсіздік мақсатында өзен үстіне шықпағаны жөн. Сондай-ақ Есіл жағалауындағы мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Мұздың қалыңдығы Төтенше жағдайлар департаменті белгілеген нормативтік деңгейге жеткеннен кейін аталған нысандар қайтадан пайдалануға беріледі», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге тәулік бойы техникалық тұз себіліп жатыр.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарларға шықпауға шақырады.

Бұған дейін елордада медициналық ұйымдар Жаңа жыл мерекесі кезінде күшейтілген режимде жұмыс істейтінін жазған болатынбыз.