Елорда күніне орай Сарайшық ауданында абаттандырылған аулалар ашылды
Астананың Сарайшық ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы орындалды. Жоба аясында абаттандырылған екі ауланың салтанатты ашылуы рәсімі өтті. Астана күнінде А. Байтұрсынұлы көшесіндегі 17 және 19 мекенжайларындағы тұрғын үйлердің аулаларында кешенді абаттандыру толық аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Екі аулада балаларға арналған ойын алаңдары жаңартылды. Алаңға заманауи ойын кешендері, түрлі әткеншектер орнатылды. Сонымен қатар, тұрғындардың ұсынысы негізінде қауіпсіз тартан жабыны төселді.

«Астана қаласы көркейді, күн санап өсіп жатыр. Бұған барлық қала тұрғыны куә деп айта аламын. Бүгін абаттандырылған ауламыз ашылып отыр. Оның жұмысы бір ай бұрын басталған еді.
Қазір толық пайдалануға беріліп отыр. Аула ішінің жолы жөнделді. Балалардың ойын алаңдары реттелді. Бүгінгі мерекеге балалар да ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп отыр. Біз осы жердің тұрғыны ретінде алғыс айтамыз. Қала басшысынан бастап, аудан басшылығы көңілімізден шығатын жұмыс істеп жатыр, соған қуанып отырмыз», – деді қала тұрғыны, ЕҰУ профессоры Сайлау Батыршаұлы.

Іс-шара барысында байқағанымыз спорттық инфрақұрылым жақсартылып, жаңа воркаут алаңы мен шағын футбол алаңы салынған.
«Қазіргі уақытта үш аула пайдалануға берілді. Аула жұмысы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.
Бұл жерде көгалдандыру мен жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Тұрғындарға да балаларға да қолайлы әрі қажетті жұмыстар жасалды», – дейді Сарайшық ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің басшысы Сұлтан Шаймардан.
Іс-шарада тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, жаңартылған аула аумақтары таныстырылды.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың бастамаларын қолдау арқылы ортаның сапасын арттыруға және жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.