Эльмира Қалиева: Конституция – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімге негізделген келісім
«Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысында ҚР Конституциялық соты алдын ала зерделеу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Эльмира Қалиева Конституцияның қоғамдағы орны, азаматтардың құқықтық мәдениеті және жаңа конституциялық құндылықтарды іске асыру мәселелері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Эльмира Қалиева Конституцияны мемлекет пен қоғам арасындағы маңызды құқықтық келісім ретінде бағалады.
«Ең алдымен осы маңызды іс-шараны ұйымдастырып отырған азаматтарға алғысымды білдіріп, баршаңызды жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтағым келеді. Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес, ол мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген қоғамдық келісім», – деді ол.
Спикер Конституциялық реформаларды әзірлеу барысында азаматтардың белсенді қатысқанын атап өтті.
«Конституциялық өзгерістерді дайындау кезінде азаматтардың ұсыныстары кеңінен ескерілді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, халықтан түскен көптеген ұсыныс талқыланды. Азаматтар түрлі платформалар арқылы өз пікірлерін білдіріп, конституциялық реформаның мазмұнына үлес қосты. Бұл процестің шын мәнінде халықтың қатысуымен жүзеге асқанын көрсетеді», – деді Эльмира Қалиева.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияда қоғам дамуының маңызды бағыттары – білім, ғылым, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік жауапкершілік сияқты құндылықтар айқын көрініс тапқан.
«Конституция әр азаматқа ортақ құндылықтарды қалыптастырады. Оның ішінде заңға құрмет, әділеттілік, қоғамдық тәртіп, адам құқықтарын сақтау, мәдениет пен табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар бар. Бұл құндылықтар әр адамның күнделікті өмірінде орныққан кезде ғана құқықтық мемлекет қалыптасады», – деді сарапшы.
Эльмира Қалиева бүгінде қоғамда ортақ мақсат пен құндылықтарды түсіндіру жұмыстарының маңызы артып отырғанын айтты.
«Кейде қоғамға жаңа бір идеологиялық бағыт қажет деген пікірлер айтылады. Алайда Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтар – біздің ортақ бағдарымыз. Ендігі міндет – осы қағидаттарды өмірде жүзеге асыру, оларды азаматтардың күнделікті мәдениетіне айналдыру», – деді ол.
Спикер бұл бағытта мемлекеттік органдармен, ғылыми орта және сарапшылар қауымдастығымен бірлескен жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
«Конституциялық құндылықтарды түсіндіру, құқықтық мәдениетті арттыру және азаматтардың құқықтық сауатын көтеру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ұсыныстары әрдайым маңызды», – деп түйіндеді Эльмира Қалиева.