Еліміздің бес спортшысы құзға өрмелеуден Әлем кубогына қатысады
Қазақстан спорттық құзға өрмелеуден Қытайдың Чунцин қаласында өтетін Әлем кубогының кезекті кезеңінде бақ сынайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық Олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Жарыс 18-20 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан атынан додаға бес спортшы қатысады.
Ерлер арасындағы «жылдамдық» сайысында Әлихан Татамбай, Рашид Хайбуллин және Ришат Хайбуллин өнер көрсетеді. Әйелдер арасында Арина Новицкая мен Анна Баларшина ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, қазақстандық спортшылар эстафеталық сайыстарға да қатысады. Ерлер эстафетасында ел атынан Рашид Хайбуллин мен Ришат Хайбуллин шығады. Әйелдер эстафетасында Анна Баларшина мен Арина Новицкая өнер көрсетеді.
Ал аралас эстафетада Қазақстан құрамасының сапында Әлихан Татамбай мен Арина Новицкая бақ сынайды.
Еске салсақ, Оралда дзюдодан өткен Қазақстан чемпионатында ел чемпиондары белгілі болды.