Елімізде жыл басынан бері заңсыз айналымнан 580 қару тәркіленді
ІІМ заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтау және тәркілеу шараларын тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде елімізде жыл басынан бері әртүрлі үлгідегі 580 қару тәркіленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оның ішінде 63-і – қылмыстық қару, ал 49-ы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару. Сонымен қатар 2 мыңнан астам оқ-дәрі алынған.
Сондай-ақ, 10 наурыздан бастап елімізде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында заңсыз айналымдағы қаруды анықтау және тәркілеу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
«Іс-шара басталғалы бері заңсыз айналымнан 105 қару, 260-тан астам патрон және 13 жарылғыш құрылғы тәркіленді; қару мен оқ-дәрі сақталған 19 жасырын орын анықталды; Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 6 қару, сондай-ақ полицияның қызметтік жабдықтары тәркіленді. Олардың ішінде бір тапанша, екі ойық ұңғылы карабин, 3 тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, сондай-ақ оқ өткізбейтін кеудешелер бар. ЖПІШ барысында азаматтар 10 қаруды ерікті түрде тапсырды. Сонымен қатар 5 мыңнан астам азаматтық қару иелері тексеріліп, олардың 70-тен астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ 6 наурыз күні Алматы облысында облыстық полиция департаменті мен ҰҚК департаменті қызметкерлері Қонаев қаласының шетінде жасырын қойманы анықтады. Онда Алматы қаласында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған карабин тәркіленді.
11 наурызда Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылының маңында, Талас өзенінің жағасынан криминалдық полиция қызметкерлері Тараз қаласында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған аңшылық мылтықтарды тауып, тәркіледі», - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататынын еске салады. Сондай-ақ азаматтық жауапкершілік танытып, негізсіз сақталған қару-жарақты тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырады.