Жаңа құрылыс нысанын қабылдау процесінде өрт қауіпсіздігінің талабы күшейтілді
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде құрылыс саласында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышевтың төрағалық етуімен құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысқан дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жиында Құрылыс кодексіне өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жаңадан салынған құрылыс объектілерін пайдалануға беру сатысында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылар беру бойынша жаңа мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері қаралды.

«Жаңадан салынған 28 метрден биік нысандарға, адамдар көп жиналатын ғимараттарға құрылыс аяқталғаннан соң өрт қауіпсіздігі саласындағы қорытынды беріледі. Осыған байланысты нысандарда өрт қауіпсіздігі бойынша тексеріс жүргізіледі. Тексеріс шеңберінде құжаттары қаралады. Содан кейін барлығы сәйкес келсе ғана ғимаратты пайдалануға беру жөнінде қорытынды шығарылады. Егер сәйкес келмесе, тапсырушы белгілі бір уақыт ішінде талапқа сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізуге міндетті болады. 1 ақпанға дейін құрылыс нысандарын қабылдау кезінде тапсырыс беруші, тапсырушы, авторлық қадағалау тобы, техникалық қадағалау тобы арқылы қорытынды жасалатын. Яғни төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бұл процеске қатыспайтын. Өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында Құрылыс кодексіне енгізілген жаңа норманың 1 ақпаннан бастап күшіне енуіне байланысты енді ТЖД тарапынан құрылған жұмыс тобы жаңадан салынған ғимараттарды қабылдау кезінде тиісті жұмыстарды жүргізеді», – деді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.
Оның айтуынша, 1 ақпанға дейін қабылданған ғимараттарда өрт қауіпсіздігін бақылау мақсатында профилактикалық жұмыстар, жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер жүргізіліп отырады.
Жиында құрылыс ұйымдарының өкілдеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бұрын жаңа Құрылыс кодексінің жобасын Мәжілістің мақұлдағанын жазған едік.