Елімізде су қоймалары реконструкцияланды
ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, су саласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру және гидротехникалық құрылыстарды су тасқыны кезеңіне дайындау аясында Ілек өзеніндегі сыйымдылығы 245 млн текше метр болатын Ақтөбе су қоймасы мен Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Су қоймаларын жаңғырту бойынша тағы 5 жоба әзірленді.
«Қазіргі таңда 7 облыста орналасқан 13 су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеу жалғасуда. Биыл қосымша 8 су қоймасы бойынша жобалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде.
Сонымен қатар, Абай облысындағы Шар, Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймалары және Қостанай облысындағы Албарбөгет бөгетін реконструкциялау аяқталды. Бұдан бөлек, Министрлік пен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында Есіл контрреттегішін салу жоспарлануда.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда су тасқынын болжау жүйесі жетілдіріліп жатқанын жаздық.