Елімізде орман өрттерін ерте анықтау жүйесіне ЖИ технологиялары енгізіліп жатыр

Бүгін, 19:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде орман өрттерін ерте анықтау жүйесіне ЖИ технологиялары енгізіліп жатыр
Фото: Үкімет

Мониторинг және жасанды интеллектінің озық технологияларын енгізу елімізде ауқымды орман өрттерінің тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру барысы және өртті ерте анықтау жүйесінің ауқымы туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев хабарлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында 37 кешеннен тұратын желі құрылған. Олардың әрқайсысы антенна-діңгектен, мультиспектрлі камерадан, бейнекадрларды таратуға арналған радиорелелік модульден және дербес энергия блогынан тұрады. Жүйе жасанды интеллектімен біріктірілген, ол нақты уақыт режимінде түтінді анықтап, сигналды жедел басқару орталығына жібереді.

«Жүйенің негізгі мәні – жедел әрекет етіп, өрт ошақтарын оқшаулау және жою үшін орман өрттерін ерте анықтау. Бұл тәжірибе бүгінде Президент тапсырмасына орай кең ауқымда таратылуда. Ол бойынша бірінші кезең аяқталды, онда Ақмола облысының бес орман шаруашылығы, Науырзым қорығы және Астана қаласының маңында орналасқан жасыл аймақ қамтылған. Екінші кезең Іле-Алатау, Көлсай көлдері, Сайрам-Өгем, Баянауыл, Қарқара және Бурабай таулы жерлерінде жүзеге аспақ. Үшінші кезең – Шығыс Қазақстан облысындағы 10 орман шаруашылығы мен ұлттық парк», - деп атап өтті Нұрлан Құрмалаев.