Елімізде криптовалюталармен жүргізілетін операцияларды сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі әзірленді

Бүгін, 15:28
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде криптовалюталармен жүргізілетін операцияларды сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі әзірленді
Фото: freepik.com

Қазақстандағы сот сараптамасы қазіргі таңда цифрлық технологияларды, автоматтандырылған жүйелерді және жаңа ғылыми тәсілдерді енгізу арқылы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы сараптамалық қызметті жүйелі түрде жаңғыртады, бұл өз кезегінде зерттеулердің объективтілігін, дәлдігін және жеделдігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов хабарлады.

«2025 жылы өте қысқа мерзім ішінде криптовалюталармен жүргізілетін операцияларды сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі әзірленді. Аталған әдістеме апробациядан өткізіліп, бекітілді. Құжат криптовалюталық транзакцияларды, цифрлық активтер мен ақша қаражатының қозғалысын талдаудың бірыңғай алгоритмін қалыптастырып, операциялар тізбегін қадағалау, цифрлық іздерді сәйкестендіру және нақты қаржылық нәтижені анықтау тетіктерін қамтыды», - деді спикер баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, әдістеме криптовалюталық алаяқтықтар, қаржы пирамидалары, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және киберқылмыстар бойынша істерді тергеу барысында қолданылады.