Елімізде 150-ден астам бала есту-сөйлеу реабилитациясынан өтеді

Бүгін, 14:02
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 150-ден астам бала есту-сөйлеу реабилитациясынан өтеді
Фото: freepik.com

Биыл жаздың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінен 150-ден астам бала есту-сөйлеу бойынша интенсивті реабилитациядан өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Кохлеарлық имплантациядан кейінгі балаларға арналған көшпелі реабилитация маусымын Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы ұйымдастырып отыр. Тәулік бойы бақылауды қамтитын бұл формат әсіресе күндізгі бөлімшелері жоқ шалғай өңірлердегі отбасыларға қолайлы.

«Реабилитациялық шаралар сәуір мен тамыз аралығында бес кезең бойынша өтеді. Әр кезең 15 күнге созылып, балалармен қарқынды жұмыс жүргізе отырып, ата-аналарды әдістемелік тұрғыда оқытуды да қамтиды», делінген хабарламада.

Алғашқы көшпелі маусым Алматы қаласындағы «Алтын-Қарғалы» шипажайында өтті. Оған еліміздің 12 өңірінен келген 28 бала қатысты. Қатысушылар қатарында ерте жастағы, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар бар. Оларға сурдопедагогтар, логопедтер мен психологтар кешенді көмек көрсетті.

Ата-аналардың айтуынша, бағдарлама нәтижесі айқын байқалады. Мысалы, Қостанайдан келген ата-аналардың бірі баласының дыбыстарға реакциясы жақсарғанын атап өтті.

Министрлік мұндай курстарға жолдамалар өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары арқылы берілетінін еске салды. Бағдарлама кохлеарлық имплантациядан кейінгі алғашқы бес жыл ішінде қолжетімді. Сонымен қатар, жыл бойы Ұлттық ғылыми орталықтың филиалдарында күндізгі форматта реабилитация жүргізіледі.

Еске салсақ, елімізде мүгедектерге арналған техникалық құралдармен қамтамасыз етудің жаңа тетігі енгізіледі.