Елімізде мүгедектерге арналған техникалық құралдармен қамтамасыз етудің жаңа тетігі енгізіледі
Қазақстанда мүгедектігі бар жандарды оңалтудың техникалық құралдарының жекелеген түрлерімен тегін қамтамасыз етудің жаңа тетігі енгізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған пилоттық жоба Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында жүзеге асырылады. Жоба 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында әзірленіп, қолдау жүйесін мейілінше тиімді әрі қолжетімді етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта оңалтудың техникалық құралымен қамтамасыз ету оларды ауыстыру мерзімін ескере отырып, қайтарымсыз негізде жүзеге асырылады. Алайда құралдарды ауыстыру кезінде олардың техникалық жай-күйі мен тозу деңгейі ескерілмейді, ал пайдалану кезеңінде жөндеу жұмыстары қарастырылмаған.
Жаңа тетік қалай жұмыс істейді?
Пилоттық жоба аясында оңалтуға арналған кейбір техникалық құралдар (мысалы, мүгедектер арбасы, жүруге көмектесетін құралдар және т.б) мүгедектігі бар адамдарға тұрақты түрде емес, уақытша, тегін пайдалануға беріліп, кейін қайтаруды қарастырады.
Бұл тәсіл қолданыстағы жүйені толықтырып, оны неғұрлым икемді етеді: енді тек пайдалану мерзіміне ғана емес, сонымен қатар жабдықтың нақты жағдайына да баға беріледі.
Осы мақсатта құрылған әлеуметтік-техникалық сараптама қызметінің мамандары техникалық оңалту құралдарының жағдайын, тозу деңгейін бағалап, оларды әрі қарай пайдалану, жөндеу немесе мерзімінен бұрын ауыстыру туралы шешім қабылдайды.
Егер құрал әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылса, ол жойылуға жатқызылып, белгіленген пайдалану мерзіміне қарамастан жаңа құрылғыға ауыстырылады.
Ал қолдануға жарамды деп танылса, жөнделген құралдар қайта пайдаланылып, жаңа ТҚО алуын немесе өз құралының жөнделуін күтіп отырған мүгедектігі бар адамдарға уақытша ұсынылуы мүмкін.
Бұл ретте жеке пайдалануға арналған құралдар, мысалы, протездер, жаңа тетікте қарастырылмайды.
Биыл іске асыруға жоспарланған жоба мүгедектігі бар адамдардың үздіксіз оңалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ техникалық құралдарды ұтымды пайдалану мен олардың өңірлерде қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жалпы пилоттық жобаға 40-тан аса түрлі техникалық құрал, оның ішінде жүріп-тұру құралдары (мүгедектер арбасы) енгізілген.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау бойынша түзетулер әзірлейтінін жаздық.