Референдум-2026

Еліміз ТМД елдерінің арасында алғаш рет санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін құрды

Бүгін, 14:24
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Еліміз ТМД елдерінің арасында алғаш рет санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін құрды
Фото: Magnific.соm

Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қызметті цифрлық трансформациялау бағытындағы ең ауқымды жобалардың бірін аяқтады. ТМД елдерінің арасында алғаш рет төмендегі бағыттарды біріктірген бірыңғай цифрлық экожүйе құрылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Бірыңғай цифрлық экожүйеге мына нәрселер біріктірілген:

-мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау;

-декреттелген кәсіптер қызметкерлерінің медициналық тексерулері;

-зертханалық зерттеулер;

-кәсіпорындардың өндірістік бақылауы;

-халықты вакцинациялау мониторингі.

Бұрын бұл мәліметтер әртүрлі ақпараттық жүйелерде сақталып, көптеген үдерістер қолмен жүргізілсе, бүгінде барлық ақпарат бір платформада нақты уақыт режимінде жинақталып, талданады.

Бұл санитариялық-эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайлар туындамай тұрып-ақ олардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Цифрлық платформа енгізілгенге дейін санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары ондаған түрлі қағаз есепті қолмен дайындайтын.

Ақпаратты жинау және талдамалық есептерді әзірлеу үш күннен екі аптаға дейін уақыт алатын, ал бақылаудағы нысандар, медициналық тексерулер мен вакцинациялау бойынша толық мәлімет болмаған.

Бүгінде бұл үдерістер толықтай автоматтандырылған.

Ақпараттық жүйеде мемлекеттік бақылаудағы 202 мың нысан туралы мәлімет цифрландырылып, 198 мың пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 114 мыңы – бизнес өкілдері, соның ішінде медициналық ұйымдар.

Жаңа жүйенің басты артықшылықтарының бірі – кәсіпкердің жеке кабинеті.

Енді кәсіпорындар мәліметтерді қашықтан жолдап, санитариялық дәрігерлердің ұсынымдарын алып, бақылау нәтижелерін қадағалап, анықталған бұзушылықтарды уақытылы жоя алады.

Сондай-ақ бизнеске бұрынғыдай бір құжатты қайта-қайта ұсынудың қажеті жоқ. Мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияның арқасында ақпараттың едәуір бөлігі автоматты түрде алынады.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүйе арқылы өндірістік бақылау бойынша 13 562 есеп қабылданды.

Автоматты талдау нәтижесінде 4 777 бұзушылық анықталып, 470 нысан ешқандай субъективті араласусыз, тек қауіптерді басқару жүйесінің негізінде мемлекеттік бақылау жоспарына енгізілді.

Сонымен қатар цифрлық платформа күн сайын 5-тен 30-ға дейін жарамдылық мерзімі өткен медициналық кітапшаларды, рұқсат беру құжаттарының жоқтығын және ұсынылмаған есептілікті анықтап, тексеру жүргізілгенге дейін-ақ заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Құжаттарды қайта ұсыну қажеттілігін болдырмау үшін жүйе сегіз мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Ал Бас прокуратураның тексерулерді тіркеу жүйесімен интеграциялау жұмыстары аяқталу сатысында.