Электр энергиясы нарығындағы есеп айырысу жүйесі жаңғыртылды
Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында есеп айырысуға арналған цифрлық жүйе өнеркәсіптік пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасап.
Аудиторлық палата былтыр электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізді.
«Тексеру электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында қатысушылар арасындағы есеп-қисап киберқауіпсіздік тұрғысынан міндетті тексеруден өтпеген және ресми түрде пайдалануға берілмеген бағдарламалық қамтылым арқылы жүргізілгенін көрсетті. Аталған жағдай нарық үшін жағымсыз әсер тудырды. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Электр энергиясы мен қуаты нарығының казақстандық операторына 2026 жылғы 31 наурызға дейін есеп айырысу орталығы жүйесінің жобасын аяқтауды, міндетті ақпараттық қауіпсіздікке тексеруді және жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беруді тапсырды», делінген хабарламада.
Оператор қажетті жұмысты мерзімінен бұрын жүргізді. Қабылданған шара электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы жұмысының сенімділігін арттырады, киберқауіптер мен техникалық іркіліс тәуекелін азайтады, сондай-ақ мемлекет тарапынан ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, Түркі елдерінің президенттеріне Қазақстанның GovTech шешімдері таныстырылды.