Елде жарақаттанғандарға көмек көрсетудің жаңа жүйесі енгізіледі
Қазақстанда жарақат алған науқастарға медициналық көмек көрсетудің жаңа моделін енгізу мақсатында өңірлік травматологиялық орталықтардың (ӨТО) бірыңғай желісін құру жобасы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл бастама академик Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы тарапынан әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігі қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Елімізде жыл сайын жүздеген мың жарақат тіркеледі. Әсіресе жол-көлік оқиғалары өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр. Сарапшылардың мәліметінше, қайтыс болу жағдайларының шамамен 40%-ы жарақаттан кейінгі алғашқы сағаттарда, дер кезінде мамандандырылған көмек көрсетілмегендіктен орын алады.
Осы мәселені шешу үшін құрылып жатқан ӨТО тәулік бойы жұмыс істеп, шұғыл медициналық көмек көрсетуден бастап, күрделі операциялар мен оңалту қызметтеріне дейін толық қызмет спектрін ұсынады. Бұл науқастарды ірі қалаларға жеткізбей-ақ, қажетті көмекті оқиға орнында немесе жақын маңда алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл орталықтар өңірлік травматология қызметін үйлестіретін негізгі хабқа айналады. Дәрігерлер жетекші мамандардан онлайн режимде кеңес алып, телемедицина мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерін даярлау мен біліктілігін арттыру жұмыстары күшейтіледі.
Пилоттық жоба Астана қаласында, Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханасы базасында және Балқаш қаласында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта бұл желіні жарақаттану деңгейі жоғары басқа өңірлерде де кеңейту жоспарланған.
Айта кетейік, елімізде 2029 жылға дейін денсаулық сақтауды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді.