Елде үш күнде 75 заң бұзушылық анықталды – ІІМ
Ішкі істер министрлігі қару айналымын бақылау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қару айналымын бақылау мақсатында республика аумағында «Қызметтік қару» ЖПІШ өткізілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – өз жұмысында қызметтік қаруды пайдаланатын заңды тұлғалармен, атап айтқанда, қаруды сақтау орталықтары, қару-жарақ дүкендері, жеке күзет ұйымдары, атыс тирлері, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері, аңшылық шаруашығымен қару айналымы талаптарының сақталуын тексеру.
ІІО-да барлығы 2 мыңға жуық осындай нысан тіркелген. 3 күн ішінде 652 нысан тексеріліп, 75 заң бұзушылық анықталды. Оның 55-і қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзса, 20-сы қаруды тіркеу тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Мысалы, Қостанай қаласында қару сақтау орталығын тексеу барысында қару айналымы қағидаларының бірқатар бұзушылықтары анықталған. Нысан басшысына тиісті шаралар қабылданып, қару-жарақ бөлмесіндегі қарулар алынып ІІО қоймасына тапсырылды.
Іс-шара аясында құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері нысан басшыларымен, олардың жұмыскерлерімен заң нормаларын түсіндіру жұмыстарын жүргізілді.
Бұған дейін интернетте жалған ақпарат жариялағандар жауапкершілікке тартылатынын жаздық.