Елде COVID-19 коронавирус инфекциясының 6 жағдайы тіркелді

Бүгін, 15:19
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елде COVID-19 коронавирус инфекциясының 6 жағдайы тіркелді
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ брифингінде COVID-19 коронавирус инфекциясы бойынша жағдай туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz ОКҚ-не сілтеме жасап.

Оның хабарлауынша, SARS-CoV-2 нұсқаларының айналымына жүргізілген соңғы мониторинг деректері бойынша елімізде Омикрон 3 кіші түрінің айналымы анықталды: XFG.3 – 75%, XFG.3.1 және XFG.6 әрқайсысы 12,5% болып белгіленді. Омикронның аталған кіші түрінің айналымы халық денсаулығына қауіп тудырмайды.

Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде COVID-19 коронавирус инфекциясының 6 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 16,3 есеге төмен. Бүгінгі күні COVID-19 негізінен жеңіл өтеді, ауруханаға жатқызуды қажет етпейді, пациенттер амбулаториялық жағдайда ем алады. 

Сонымен қатар, 2025 жылы жалпы республика бойынша туберкулезбен сырқаттанушылықтың 11%-ға, оның ішінде тыныс алу ағзаларының туберкулезімен сырқаттанушылықтың 10% - ға төмендегені байқалады. Ал, вакцинамен басқарылатын инфекциялар, оның ішінде қызылшамен сырқаттанушылық әлі де өзекті болып отыр. 

«ДДҰ деректері бойынша 2025 жылы әлемде қызылшаның 247 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Халықтың  екпемен аз қамтылуы аурудың өсуіне себеп болып отыр. Елімізде қызылшамен сырқаттанушылық 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы 6,8 есеге төмендеді, алайда биыл жағдай толық тұрақтанған жоқ. Бір айдың динамикасында 2025 жылғы қарашадан бастап сырқаттанушылықтың өскені байқалады және ағымдағы жылғы қаңтар, ақпан айларында жалғасады. Сондай-ақ, стационарда ем алған адамдарда қызылшаның 208 жағдайының тіркелуі аурудың өсуіне әсер етті», - деді спикер.

Осы жылы еліміз бойынша қызылшаның 3 343 жағдайы тіркелді, сырқаттанушылық көрсеткіші - 16,4. Республиканың 9 өңірінде: Астана қаласында, Алматы қаласында, Жамбыл, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Қостанай облыстарында аурудың өскені байқалады. Аурудың көптеген жағдайы 5 жасқа дейінгі балалар арасында (72%) тіркеледі, атап айтқанда, 1 жасқа дейінгі балалар – 24%, 1 жастағы балалар – 23%, 2-4 жастағы балалар – 26%. 

Сырқаттанушылықтың 78%-ы екпе алмаған адамдар арасында тіркеліп жатыр. Екпе алмай ауырған науқастардың 56%-ы екпеден бас тартқан адамдар, 14%-ы медициналық себептермен кейінге қалдырған адамдар, 30%-ы егу жасына жетпеген балалар.

Бұған дейін екі мыңға жуық қазақстандық қызылшамен ауырғанын жаздық.