Ел құрамасы Азия чемпионатында 49 медаль жеңіп алды
Ұлттық құрама Таиландтың Бангкок қаласында өткен су спорты түрлерінен жас ерекшеліктері бойынша XII Азия чемпионатында табысты өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте 3-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасап.
Құрлық біріншілігінде Қазақстан спортшылары 21 алтын,19 күміс және 9 қола медаль жеңіп алып, жалпы 49 жүлдені қоржынға салды. Медальдық есепте ел құрамасы Жапония мен Қытайдан кейінгі үшінші орынға тұрақтады.

«Чемпионат барысында қазақстандық спортшылар су спортының барлық төрт бағыты – жүзу, суға секіру, әртістік жүзу және су полосы бойынша жүлделі орындарға ие болып, ұлттық құраманың жан-жақты дайындығын дәлелдеді», - делінген хабарламада.
Чемпионаттағы ең жарқын жетістіктердің бірі – әртістік жүзуден Қазақстан құрамасының тарихи жеңісі болды. Ұлттық команда жас ерекшеліктері бойынша өткен XII Азия чемпионатының командалық трофейін жеңіп алып, Азияның үздік құрамасы атанды.
Бұл нәтиже елімізде әртістік жүзудің қарқынды дамып келе жатқанын және қазақстандық спортшылардың құрлықтағы көшбасшылар қатарына көтерілгенін айқын көрсетті.

