E-Bakylau: балаларға қатысты зорлық-зомбылықты ерте анықтайтын цифрлық құрал енгізілді
Жетісу облысы Панфилов ауданында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын іске асыру аясында кәмелетке толмағандар құқығына төнген қауіптерге жедел әрекет етуге бағытталған E-Bakylau инновациялық жүйесі енгізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
E-Bakylau жүйесі ерте анықтаудың цифрлық құралы ретінде қызмет етеді: ол педагогтарға қолайсыз отбасылардағы балалардың мектептегі бейімделу көрсеткіштерін күн сайын тіркеп, зорлық-зомбылық немесе немқұрайлылық белгілерін жедел табуға мүмкіндік береді.
«Бұл жүйе тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетігін құрды. Қауіпті жағдай туралы ақпарат прокуратураға, қамқоршылық органдарына, полицияға және психологиялық қызметтерге дереу түсіп, балаға жедел көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ оқу жылы басталғаннан бері жүйеде 10 хабарлама тіркеліп, әрбір дабыл бойынша мобильді топ (прокуратура, полиция өкілдері, психологтар) оқиға орнына жедел шығып, профилактикалық жұмыстар жүргізді», - делінген хабарламада.
Бағдарлама жазалауға емес, алдын алуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, балалардың қауіпсіздігі мен үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жетісу облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және олардың үйлесімді дамуына қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды одан әрі үйлестіруді жалғастырады.