ДСМ: Жыл басынан бері 3,3 мың адам қызылшамен ауырған

ДСМ: Жыл басынан бері 3,3 мың адам қызылшамен ауырған
Фото: ОКҚ

Қызылышамен ауырғандардың 72 пайызы бес жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қазір елімізде Қызылшаға қарсы иммундау күшейтілген. Сырқат еліміздің 9 өңірінде өскені байқалады. Олар - Астана, Алматы қалалары, Жамбыл, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Қостанай облыстары.

«Ауырған балалардың 24%-ы 1 жасқа дейін, 23%-ы 1 жаста, 26%-ы 2-4 жаста. Қызылшаның 78% екпе алмаған адамдар арасында тіркелген. Оның 56%-ы екпеден бас тартқандар. 14%-ы медициналық себептермен кейінге қалдырған адамдар, 30%-ы егу жасына жетпеген балалар», - деді Сархат Бейсенова.

Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Балаларды жоспарлы иммундау жүргізіліп жатыр. 
«Аурудың артып отырғанын ескере отырып, 2025 жылғы қарашадан 6-11 айлық балаларды қосымша иммундау жұмысы күшейтілді», - деді Комитет басшысы.

Еске сала кетсек, өткен аптада Үкіметте қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал қаралды.