«ДосболLike»: барлық мектеп, колледждерде буллингке қарсы бағдарлама іске қосылды
Қазақстанның білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыруға және оқушыларды психологиялық қолдауға қойылатын жаңартылған талаптар енгізілді. Бұл туралы Үкіметтің қорытынды баспасөз-конференциясында ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әр мектепте қауіпсіз орта құруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Мектептерде 1,7 млн бала тегін тамақтанумен қамтылды. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап барлық мектеп пен колледждерде «ДосболLike» антибуллингтік бағдарламасы, «Жеке қауіпсіздік» сабақтары іске қосылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 20 өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Жыл басынан бұл орталықтарда 35 мың бала мен ата-анаға көмек көрсетілді», – деді Майра Мелдебекова.
Бұған дейін Президент тапсырмасы бойынша балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру ауқымы кеңейтіліп, кезек 2 есеге қысқарғанын жаздық.