Динара Сәтжан астаналық белсенді жастармен кездесті
Белгілі журналист, қоғам белсендісі Динара Сәтжан мен Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Әділ Сейфуллин AMANAT партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының астаналық белсенді мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесу барысында медиа саласындағы тәжірибе, қазіргі ақпараттық кеңістіктің ерекшеліктері және жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі туралы әңгіме өрбіді.
«Жастар рухы» ұйымының белсенді жастары спикерлерге өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, медиа саласында жұмыс істеудің қыр-сыры, кәсіби даму жолдары мен қоғамдағы журналистиканың рөлі жөнінде пікір алмасты.
Кездесуде Динара Сәтжан жастарға жеке бренд қалыптастыру, ақпаратпен жұмыс істеу мәдениеті және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысудың маңызы туралы ой бөлісті. Ол қазіргі заманда жастардың білімге ұмтылып, түрлі салаларда бастама көтеруінің қоғам дамуына үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Сонымен қатар ол қазіргі жаңа Конституция жобасының маңыздылығы туралы да пікір білдірді.
«Қазіргі цифрлық дәуірде алаяқтар біздің әрқайсымыздың бет-әлпетімізді, даусымызды айнытпай келтіріп, яғни дипфейк бейнежазбалар жасап, оны дұрыс емес бағытта, өз мақсаттарына пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Бұл ретте біздің құқықтарымыз заңмен қорғалуы тиіс. Осы мақсатта жаңа Конституция жазылып, еліміз жаңа дәуірге қадам жасағалы отырып. Әлбетте, біздің бұған дейінгі заңдарымыз да өз міндеттерін орындады. Тарихқа үңілсек, дала заңы болды. Бірақ ескі заңдармен жаңа дәуірде құқықтарымызды толық қорғай алмаймыз. Сондықтан Ата заңымызға тиісті өзгеріс енгізіліп жатыр», - деді Динара Сәтжан.
Өз кезегінде Әділ Сейфуллин жастарды саяси науқан кезінде белсенді болуға шақырды.
«Жаңа Конституция жобасында адам капиталына басымдық берілген. Ал жастар – қоғамның өзегі. Сондықтан бұл саяси науқан кезінде белсенді болуларыңыз керек. Референдум күні учаскелеріңізге барып, дауыс берулеріңізді, бір адамдай өздеріңіздің үндеріңізді қосуларыңызды сұраймыз», - деді ол.

Бұл ретте Динара Сәтжан белсенді жастарға референдумда дауыс беруге барған және соған дайындалып жатқан сәттерден контент жасап, әлеуметтік желіде жариялауға кеңес берді.
Іс-шара еркін пікір алмасу форматында өтіп, жастар үшін тәжірибе бөлісіп, мотивация беретін мазмұнды кездесуге айналды. Қатысушылар спикерлерге алғыстарын білдіріп, мұндай ашық диалог алаңдарының маңызы зор екенін жеткізді.