Димаштың халықаралық Voice Beyond Horizon жобасының екінші эпизоды көрсетіледі
Voice Beyond Horizon халықаралық жобасының екінші шығарылымы Түркістан облысының туристік локацияларын шетелдік кең аудиторияға таныстырады , деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazakh Tourism компаниясына сілтеме жасап.
Жаңа эпизод бүгін Қытай уақытымен сағат 22:00 Hunan TV телеарнасында көрсетіледі. Алты елден жиналған орындаушылардың шығармашылық сапары өңірдің маңызды бағыттарын қамтиды. Шетелдік көрермендер Ұлы Жібек жолының мәдени және сауда орталығы болған Күлтөбе қалашығын тамашалай алады. Жоба қатысушылары үшін көне өркениеттердің бірегей ескерткіші - Отырар қалашығы шабыт көзіне айналады.
Туристер арасында танымал орындардың бірі «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде қазақ халқының дәстүрлері, салт-дәстүрлері мен мәдениеті таныстырылады. Бұл шығарылымда қазылар алқасында болатын «Грэмми» сыйлығының екі дүркін лауреаты Уолтер Афанасьефф өткен жылы түсірілімге қатысу үшін Түркістанға арнайы келген.
Димаш Құдайберген жобаны Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды. Түсірілім еліміздің 6 өңірін қамтыды. Бұл жоба әртүрлі елдердің шығармашылық орындаушыларын біріктіріп қана қоймай, Қазақстанның туристік әлеуетін миллиардтаған көрерменге таныстырады. Hunan TV телеарнасының аудиториясы 1,9 миллиардтан асады. Жоба Mango TV цифрлық платформасында да көрсетіледі.
Voice Beyond Horizon халықаралық жобасына Kazakh Tourism, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана мен Алматы қалаларының, Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері қолдау көрсетті. Жоба демеушілері - Qarmet, «Қазақмыс», «АлтынАлмас» компаниялары және Нұрлан Смағұлов қоры.
Еске сала кетсек, 5 ақпанда Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасында халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының премьерасы өтті.