Депутаттар ЕҚЫҰ делегациясымен республикалық референдумға дайындықты талқылады
Мәжілісте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Қажеттіліктерді бағалау миссиясының делегациясымен кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесуге Қазақстан тарапынан Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева, Магеррам Магеррамов, Марат Бәшімов және Айдарбек Қожаназаров қатысты. ЕҚЫҰ ДИАҚБ делегациясының құрамында Сайлау департаменті директорының орынбасары Ульви Ахундлу және Сайлау жөніндегі кеңесші Елена Ковалева болды. Олар Қазақстанға республикалық референдум қарсаңындағы қоғамдық-саяси ахуалды зерделеп, дайындық барысын бағалау үшін келіп отыр.
Депутаттар жаңа Конституция жобасы халықаралық құқық стандарттарын негізге ала отырып әзірленгенін атап өтті. Құжатты даярлауға Парламентке өз ұсыныстарын жолдаған қоғам өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының мүшелері атсалысты. Сондай-ақ Ата заң жобасын пысықтау кезінде Конституциялық сотпен өзара байланыс орнатылғаны айтылды.
Өз кезегінде Ульви Ахундлу ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастық аясында ДИАҚБ тарапынан тиісті сараптамалық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ол Конституция қабылданған жағдайда қорытынды ұсынуға дайын екенін білдіріп, алдағы уақытта Парламентте әзірленетін өзге де конституциялық және заңнамалық актілер бойынша сараптама әзірлеуге қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ашық диалог пен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.
Еске салсақ, ЕҰУ студенттеріне жаңа Конституциялық реформаның артықшылықтары түсіндірілді.