ЕҰУ студенттеріне жаңа Конституциялық реформаның артықшылықтары түсіндірілді
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белсенді жастардың қатысуымен жаңа Конституциялық реформаның мазмұны мен артықшылықтарын түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабынің өкілдері қатысқан жиында алдағы референдумның маңызы, Ата заңға енгізілетін өзгерістер және жастардың азаматтық жауапкершілігі кеңінен сөз болды.
«Еліміздің болашағы – сіздер, жастар. Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Осындай тарихи кезеңде қалыс қалуға болмайды. Біздің Ата заңымыз жаңартылғалы отыр. Қазіргі таңда әлем күрт өзгерді. Геосаяси ахуал шиеленісіп, көрші елдерде қырғи-қабақ жағдай қалыптасуда. Сонымен қатар жасанды интеллект секілді жаңа технологиялар қарқынды дамып жатыр. Біз бұл үдерістерден шет қалмауымыз керек. Осыған байланысты Конституцияға өзгерістер ұсынылып отыр. 15 наурызда референдум өтеді. Әр азамат өз таңдауы мен азаматтық парызына сай дауыс беруі тиіс», - деді «Ауыл» партиясының мүшесі Ұлан Әбдіханов.

Кездесу барысында студенттер Конституциялық өзгерістерге қатысты өздерін толғандырған сұрағын қойып, жан-жақты жауап алды. Ұлан Аманбекұлы студенттердің сауалы бойынша жаңа Конституциядағы негізгі жаңашылдықтарға да тоқталды.
«Жаңа Конституцияға сәйкес парламент жүйесі өзгеріп, оның орнына бір палата - Құрылтай құрылады. Сонымен қатар консультативтік сипаттағы Халық кеңесі жасақталады. Бұл құрылымда зиялы қауым өкілдері маңызды қоғамдық мәселелерді талқылайды. Елеулі шешімдер осы алаңда пысықталады.
Сондай-ақ, вице-президент институты енгізіледі. Адвокат қызметі туралы нормалар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіледі. Ұлттық валютаға қатысты да нақты өзгерістер қарастырылған. Бұл реформалардың барлығы мемлекеттілікті нығайтуға және азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Сондықтан референдумға келіп, жауапкершілікпен дауыс беру маңызды», - деді қоғам қайраткері Ұлан Аманбекұлы.

Жиын соңында белсенді студенттер ел дамуына қатысты ойын ортаға салып, Конституция әрбір азаматтың болашағына тікелей әсер ететін маңызды құжат екенін атап өтті.

Еске салсақ, Астанада медиаторлар жаңа Конституция жобасын талқылады.