Астанада медиаторлар жаңа Конституция жобасын талқылады
Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған медиаторлар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиынға Кеңес мүшелері мен уәкілетті органға қарасты медиаторлар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырыста жаңа Конституция жобасы талқыланды. Қатысушылар Ата заңның жаңартылған нормалары қоғамдағы маңызды сұраныстарға жауап беріп, тұрақты дамудың институционалдық негізін қалыптастыратынын атап өтті.
Сонымен қатар медиаторларды даярлау және оқыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаңартылған қағидаларға сәйкес, оқыту құқығы тек Үйлестіру кеңесі мақұлдаған оқу бағдарламалары бар ұйымдарға ғана беріледі.
Айта кетсек, жиында 11 медиаторлар ұйымының оқу бағдарламалары бекітілді. Олардың қатарында Халықаралық құқық қорғау орталығы, Халықаралық медиация орталығы, «Альянс Успеха», «Парасат» медиаторлар мен заңгерлер қауымдастығы, Pactum медиация және келіссөздер орталығы, Tatulas медиация орталығы, ҚР Медиаторлар қауымдастығы, Қарағанды облысының кәсіби медиаторлар қауымдастығы, «Адам және құқық» медиаторлар мен заңгерлер одағы, сондай-ақ International bureau of mediation ұйымдары бар.
Еске салсақ, Орталық референдум комиссиясы республикалық оқыту семинарын өткізді.