Орталық референдум комиссиясы республикалық оқыту семинарын өткізді
Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын аумақтық референдум комиссияларының мүшелері үшін «Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізудің өзекті мәселелері» тақырыбында онлайн-форматта оқыту семинарын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Семинар ҚР Орталық референдум комиссиясының №6/15 қаулысымен бекітілген 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Семинар жұмысын Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов ашты. Ол референдум комиссияларының мүшелерін оқыту құқық қолданудың біркелкілігін, ұйымдастырушылық тұрақтылық пен жоғары электоралдық стандарттарды қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылатынын атап өтті.
Оқу барысында ҚР ОРК аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің меңгерушілері қатысушыларға науқанның барлық кезеңдерінің басты элементтері, процестің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мәселелері, референдум қарсаңында үгіт жүргізу шарттары, қоғамдық байқау, қоғамдық пікірге сұрау салу, қаржылық және құқықтық аспектілер және басқа да өзекті бағыттар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Семинар интерактивті форматта өтті, әр блок бойынша сұрақ-жауап сессиялары ұйымдастырылды.
Жалпы республикалық референдумға дайындық шеңберінде аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесін оқыту қажет.
Еске салсақ, Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев сенаторлар жаңа Конституция ережелерін түсіндіру үшін өңірлерге баратынын айтқан еді.