Мәулен Әшімбаев: Сенаторлар жаңа Конституция ережелерін түсіндіру үшін өңірлерге барады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралды және Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамы жаңартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Отырыс барысында палата спикері 19 ақпан мен 5 наурыз аралығында сенаторлар халықпен кездесу және азаматтарға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру үшін өңірлерге баратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 15 наурызда жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум өтеді. Осыған орай депутаттар конституциялық реформалардың мәнін халыққа түсіндіру үшін өңірлерге барады. Кездесулерде халықпен ашық диалог құрып, конституциялық өзгерістер – Президентіміздің саяси бағдарының жүйелі жалғасы және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының институционалдық негізі екеніне баса мән беру қажет. Қолға алынған бастамаларды азаматтардың дұрыс түсініп, қабылдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамын бекітті. Осылайша, комиссияның бұрын бекітілген құрамына Сенаттан Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Советбек Медебаев қосылды. Ал, бұған дейін палата атынан аталған құрам мүшесі болған Наурызбай Байқадамов жаңа лауазымға тағайындалуына байланысты комиссиядан шыққан еді.
Еске салсақ, Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа Конституция жобасы түсіндірілді.