Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа Конституцияның жобасы түсіндірілді

Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа Конституцияның жобасы түсіндірілді
Фото: Қазақ ұлттық спорт университеті

Елордадағы  Қазақ ұлттық спорт университетіндегі профессор-оқытушылар құрамынa жаңа Конституция жобасының бағыт-бағдарларын түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Шарада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының елордалық «Есіл» аудандық штабының мүшелері - №2 көпбейінді аурухананың әйелдер денсаулығы бөлімшесінің меңгерушісі Сұңқар Хангельдина мен Республикалық жас кәсіпкерлер лигасының төрағасы Мерхат Жылқыбаев спикер ретінде сөз сөйледі.

«Қазіргі Конституциямыздың тарихи рөлі үлкен. Ол біздің тәуелсіздігімізді мойындатып, институттарды қалыптастыру барысында көптеген қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бірақ қазіргі таңда еліміз алға жылжу үшін, өзгеріс жасауға міндеттіміз. Конституция жобасында биліктің тармақтарындағы жауапкершілікті айқындау, сабақтастық тетіктері, қоғамдық бақылау және биліктің тұрақтылығы анық көрсетілген. Ал осы өзгерістерді саналы түрде қабылдап, дауыс беру сіздердің қолдарыңызда», - деді №2 көпбейінді аурухананың әйелдер денсаулығы бөлімшесінің меңгерушісі Сұңқар Хангельдина.

Іс-шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толықтай жауап алды.

«Конституция арқылы жүйе өзгерген кезде кадрларға қойылатын талаптар да жоғарлайды. Енді тек адал орындаушылар ғана емес,  жауапкершілігі жоғары жағдайларда жұмыс істей алатын кәсіби менеджерлер қажет. Сіздер шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаздар ретінде жаңа Ата заңымыздың түпкі мәнін түсінесіздер деген сенімдемін», - деп Республикалық жас кәсіпкерлер лигасының төрағасы Мерхат Жылқыбаев өз пікірін білдірді.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің басты мақсаты реформалардың мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру және 15 наурызда өтетін референдумға дайын болу екенін атап өтті.