Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының арасында ішек инфекциясы тіркелуіне байланысты санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше мамандар «Master Food» ЖШС-ның тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады.
«Тексеру қорытындысы бойынша мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша санитариялық шектеу шараларын енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қоюды көздейтін бес қаулы шығарылды», - делінген хабарламада.
Интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауда. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланды.
14 қазанда аурудың 48 жағдайы тіркелді. Барлық науқас емдеуге жатқызылды, олардың жағдайы тұрақты.
Тексеру нәтижелері бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.
«Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпкерлерге тамақтануды ұйымдастыру кезінде санитариялық талаптарды міндетті түрде сақтау қажеттігін еске салады. Бұл ретте өнімдерді тексерілген жеткізушілерден сатып алу, азық-түлікті сақтау және тағам дайындау шарттарын сақтау, қажетті рұқсат құжаттарының болуы және қызметкерлердің медициналық қарап-тексеруден уақтылы өтуі маңызды», - деп хабарлады ведомство.
Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру мен қажетті іс-шаралар жалғасуда.
Еске салсақ, Алматыда РФМШ-ның 47 оқушысы ішек инфекциясы белгісімен ауруханаға жатқызылғанын жаздық.