Дархан Қыдырәлі: Конституция жобасы – әділетті Қазақстанды құру жолындағы қоғамдық келісімнің көрінісі
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі жаңартылған Конституция жобасы әділетті Қазақстан ұғымының Конституциялық көрінісі екенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген Конституциясының жаңа жобасын оқып шықтым. Бұл тарихи құжатта: Преамбулада Ұлы даладағы мемлекеттік дәстүр сабақтастығы мен ұлттық құндылықтар көрініс тапқан; Егемендіктің иесі халық екені айтылған; Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылған; адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған; сөз бостандығына кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынған; дін мен мемлекеттің ара-жігі ашық көрсетіліген; цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, әлеуметтік құқықтар күшейтілген; неке және отбасы құндылықтары, қоршаған ортаны қорғау міндеті жаңа сипатқа ие болған», – деп жазды Дархан Қыдырәлі Facebook парақшасында.
Сонымен қатар ол жаңа жобада билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілік күшейтілгенін, Парламенттің рөлі Құрылтай негізінде жаңғыртылып, саяси өкілдіктің мазмұны жаңа талаптарға сай қайта қаралғанын атап өтті.
«Халық кеңесі – тұрақты диалог алаңы ретінде азаматтық қоғамның үні, ұлттың мінбері ретінде айқындалған; құқықтық мемлекет, әділдік, заң мен тәртіп, ашықтық және қоғамдық келісім қағидаттары нақты конституциялық деңгейде бекітілген. Осы сияқты көптеген құндылықтар мен жаңалықтарды қамтыған Конституция жобасын тек құқықтық мәтін емес, әділетті Қазақстанды құру жолындағы қоғамдық келісімнің көрінісі деп қабылдауға болады», – деді Сенат депутаты.
Сенатордың сөзінше, жаңа жобаны әзірлеу кезінде конституциялық нормалардағы терминологиялық бірізділікке және құқықтық айқындылыққа ерекше назар аударылған.
«Алдағы кезеңде Конституция жобасы кең көлемде қоғамдық талқылаудан өтіп, түпкілікті шешімнің жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатыны белгілі. Бұл – әрбір азаматтың ел болашағына тікелей қатысуына мүмкіндік беретін тарихи сәт.
Қазақстан үшін бұл кезең – саяси реформалардың қорытындысы ғана емес, жаңа мемлекеттік даму дәуірінің бастауы. Бұл «қайта жүктеу» елдің саяси архитектурасын түбегейлі өзгертіп, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды тұғырлы ете түседі деген сенімдеміз», – деді Дархан Қыдырәлі.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың жаңа Конституцияда жеке өмірге қол сұқпаушылыққа заңмен кепілдік берілетінін айтқанын жаздық.