Жаңа Конституцияда жеке өмірге қол сұқпаушылыққа заңмен кепілдік беріледі – Екатерина Смолякова
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова жаңа Конституцияға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Еліміз бүгінде үлкен өзгерістерді бастан кешуде. Біз осы маңызды тарихи кезеңнің куәгерлері ғана емес, белсенді қатысушылары болып отырмыз. Жаңа Конституция жобасы бұл жай ғана заңдар мәтіні емес, бұл – біздің балаларымыздың өсетін тұғыры. Онда отбасылық құндылықтар, мемлекеттік тілдің мәртебесі, мәдениет пен білімге қатысты маңызды нормалар бекітілуде. Басты бағыттардың бірі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтарымызды нығайту. Бұл – болашаққа жасалған саналы инвестиция. Отбасы – қоғамымыздың өзегі. Оны ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде Конституция деңгейінде бекіту – тәрбиеміздің және өмірлік ұстанымдарымыздың табиғи жалғасы. Отбасында қандай құндылықтар қаланса, Қазақстан да сондай болады», – деді Екатерина Смолякова.
Сонымен қатар депутат жаңа Конституцияның минералдық ресурстармен немесе табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен өлшенетінін көрсететін түбегейлі бетбұрыс екенін атап өтті.
«Мен білім саласында 15 жылдан астам уақыт еңбек еттім, ғылыми жобаларды қорғадым, жоғары оқу орындарында жас студенттермен, дарынды балалармен жұмыс жасадым. Сондықтан білім мен ғылым саласының жаңа Конституцияда лайықты орын алуы мен үшін үлкен маңызға ие. Бұл бағыттағы жұмыстың қарқынды ұйымдастырылып, еліміздің білім мен ғылымының жаңа даму кезеңіне қадам басқаны анық байқалады. Ата Заңның жаңа мәтінінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация басты идея ретінде айқындалған. Бұл – мемлекеттің болашағы минералдық ресурстармен немесе табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен өлшенетінін көрсететін түбегейлі бетбұрыс», – деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ ол жаңа Конституцияда жеке өмірге қол сұқпаушылыққа, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауға заңмен кепілдік берілетінін айтты.
«Мен жасанды интеллект пен цифрлық кодекс мәселелеріне қатысты жұмыс топтарына қатысып, бірқатар ұсыныс енгіздім. Көптеген сарапшымен кездесулер барысында қоғамды толғандыратын өзекті мәселелердің жаңа Конституцияда жеке орын алуы қуантады. Атап айтқанда, жеке өмірге қол сұқпаушылыққа, жеке және отбасылық құпияға, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану барысында дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауға заңмен кепілдік беріледі», - деді ол.
Екатерина Смолякова әлеуметтік желілерде адамдардың ар-намысына тиетін жағдайлардың жиілеп кеткенін жеткізді.
«Барлығымыз куә болған, мүгедектігі бар балалардың ата-анасын қорлаған блогерге қатысты жағдай қоғам тарапынан үлкен наразылық туғызды. Осындай маңызды мәселелердің шешімі Конституцияда арнайы баптар арқылы көрініс табуы – өте орынды қадам. Конституцияда адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайтыны және олардың заңмен қорғалатыны нақты бекітілген. Бұл құжатта адамның, отбасының және мәдениеттің орталық орынға қойылуы – мен үшін ана ретінде де, депутат ретінде де ең басты басымдық. Біздің шынайы байлығымыз – мұрамыз, жеріміз және отбасымыз. Жаңа Конституция – осы құндылықтарды ең жоғары заң деңгейінде қорғайтын берік кепіл», – деді депутат.
Бұған дейін Астана қаласы маслихатының депутаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бахаргүл Төлегеннің конституциялық реформаның маңыздылығы мен жаңа жобадағы мәдениет саласына қатысты заңнамаларға қатысты пікірін жазған едік.