Creative Aimaq жәрмеңкесінде Ақмола облысының өнімдері елордалықтардың назарына ұсынылады

Creative Aimaq жәрмеңкесінде Ақмола облысының өнімдері елордалықтардың назарына ұсынылады
Фото: Креативті индустрияларды дамыту қоры

Астана қаласында өңірлік креативті индустрияларды дамытуға бағытталған Creative Aimaq жобасы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастыратын Creative Aimaq жобасы еліміздің өңірлік шығармашылық әлеуетін, жергілікті брендтер мен мәдени бастамаларды Астана жұртшылығы мен қала қонақтарына кеңінен таныстыруға бағытталған. 

Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында көрмелер, шеберлік сабақтары, мәдени бағдарламалар және жергілікті өндірушілердің өнімдерін таныстыру іс-шаралары өтеді.

Жобаның алғашқы аптасы Ақмола облысына арналады. 11-14 маусым аралығында өңірдің креативті индустрия өкілдері өнімдерін, авторлық жобаларын және шығармашылық жетістіктерін Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынады. Бүгінде Ақмола облысында креативті индустрия саласында 1 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан тіркелген. Өңірдегі неғұрлым дамыған бағыттардың қатарында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, компьютерлік ойындарды шығару, тоқыма және тігін өндірісі, ұлттық киім тігу, сондай-ақ кәдесый дайындау бар. Жоба аясында келушілер өңір шеберлері мен өндірушілердің бірегей өнімдерін сатып ала алады.