Астана қаласындағы Технологиялық колледжінде City & Guilds халықаралық салалық аккредитациясынан өткенін айғақтайтын сертификат табыстау салтанаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Амангелді Толамисов, Астана қаласы мәслихатының депутаты Асқар Смағұлов, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дауешова, «Талап» КеАҚ президенті Санжар Тәтібеков, «Talap» КЕАҚ WorldSkills қозғалысын дамыту басқармасының басшысы Лаура Аликулова, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Аналар» кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай және APEC Training Center өкілдері қатысты.

Наубайшы мамандығы бойынша оқитын 20 студент пен 4 өндірістік оқыту шебері кәсіби емтихан тапсырып, халықаралық үлгідегі сертификат иегері атанды. Енді олар әлемнің кез келген елінде өз саласы бойынша еңбек етуге құқылы.

Айта кетсек, City & Guilds аккредиттеуі – жай ғана сертификат емес, бұл маманның жаһандық еңбек нарығында мойындалуының кепілі. Ол кәсіби білім мен дағдының жоғары деңгейін дәлелдеп, жұмысқа орналасу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.


Колледж оқытушыларының сөзінше, бұл аккредиттеудің ерекшелігі – ұлттық тағам, ұлттық киім, ұлттық қолөнер сияқты төл өнерімізді әлемге таныта отырып, оны халықаралық кәсіби стандарттармен шебер ұштастыруда. Колледждің басты мақсаты он саусағынан өнер тамған майталман мамандарға шетелдік еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік беру және олардың халықаралық деңгейде мойындалуына жол ашу екенін айтады мамандар.

«Қазақ – ежелден еңбектің қадірін білген, баласын жасынан еңбекке баулыған халық. Салт-дәстүрі мен тұрмысы – тұнып тұрған еңбек мектебі. Ата-бабаларымыз адал асты тұтынған, таза табиғи өнімнен денсаулыққа пайдалы тағам әзірлеген, тері илеп, темірден түйін түйіп, тігін тіккен. Біз осы мұраны жаңғырта отырып, оны халықаралық аренада таныта аламыз. Бұл тұтас ұжымның ұстанымы мен айқын миссиясы дер едім», - деді колледж директоры Ләззат Разбекова.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған болатын.