Былтыр IT-нарықтың кірісі шамамен 2 трлн теңгені құрады – Жаслан Мәдиев
Ақпараттық технологиялар саласы кірістер мен экспорт көлемінің қарқынды өсуін көрсетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, өткен жылы IT-нарықтың кірісі шамамен 2 трлн теңгені құрады. Бұл ретте Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай қызметтер экспортының $1 млрд көлеміне қол жеткізу міндетін қойды.
Вице-премьердің мәліметінше, бұл көрсеткіш 2025 жылдың қорытындысы бойынша күтілуде.
Astana Hub ІТ-саласының негізгі экожүйесі болып саналады. Қатысушыларының саны 2 мыңға дейін өсті. Олардың ішінде 25%-ы шетелдік компаниялар. Astana Hub стартаптары мен IT компаниялары қазірдің өзінде 30 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Ал экономикаға салынған инвестиция сомасы $900 млн-нан асты, - деді Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін министр алдағы екі жылда халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілетінін айтқан болатын.