Алдағы екі жылда халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі – министр

6 қаңтар, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Алдағы екі жылда халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі – министр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Президенттің азаматтардың цифрлық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде алдағы екі жылда 3 мыңнан астам ауыл интернетке талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, бұл ел халқының 99%-ын сапалы байланыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі үйлерге оптика желісін жеткізу бойынша «соңғы миль» жобасы жүзеге асырылуда.

«Осы жоба аясында 400 мыңға дейін үй шаруашылығына оптика құрылысы көзделіп отыр. Қосымша 2,5 млн адам қамтылады. Әкімдіктерден оптикалық кабельді ілу үшін электрмен жабдықтау тіректеріне қолжетімділікті ұйымдастыру талап етіледі», - деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов туризмді дамыту тұжырымдамасын түзетуді тапсырған болатын.