Былтыр еліміздегі еңбек нарығына 900-ден астам жаңа кәсіп енгізілді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылы аталмыш жүйені жетілдіру жұмысының қорытындысы мен дамудың жаңа басымдықтары туралы Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Жұлдыз Абулғазина баяндады.
«Ұлттық кәсіптер классификаторы елеулі түрде жаңартылды. 900-ден астам жаңа кәсіп енгізіліп, классификатордағы позиция саны 13 мыңнан асты. Бүгінде ҰКК еңбек нарығын талдау мен кадрларға деген қажеттілікті болжаудың базалық негізі болып табылады.
Жаңа кәсіптердің қатарында цифрлық агроном, сүт фермаларындағы робототехник-мал өсіруші, жасанды интеллектті әзірлеу және енгізу жөніндегі инженер, 5G және 6G желілерінің инженер-архитекторы, «ақылды» қалалардың кабельдік инфрақұрылымын басқару жөніндегі инженер және технологиялық әрі салалық өзгерістерді көрсететін өзге де бағыттар бар», – деді Жұлдыз Абулғазина.
Оның айтуынша, «Кәсіптік біліктілік туралы» заңына бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Ол - дағдылардың цифрлық банкін ҰБЖ-нің ресми құралы ретінде бекіту; Ұлттық біліктілік жүйесінің қатысушылары қатарына кәсіптік одақтарды енгізу; шетелдік аккредитациясы бар орталықтарды тану мүмкіндігін ашу; біліктіліктерді тану орталықтарын аккредиттеу тәртібін өзгерту және оны толықтай цифрландыру және т.б.
Еске салсақ, Астанада жастарды қолдау мақсатында 2025 жылы қандай жұмыстар жүргізілгені туралы жаздық.