Астаналық жастарға 2025 жылы қандай қолдау көрсетілді

Астаналық жастарға 2025 жылы қандай қолдау көрсетілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2025 жылы Астанада жастарды қолдау мақсатында қандай жұмыстар жүргізілгенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, студенттер үшін қолайлы жағдай жасау, волонтерлікті дамыту және басқа да бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді.

Фото: Астана әкімдігі

«Біздің қаламызда 481 мыңнан астам жас тұрады. Биыл 4 ЖОО-ның филиалдары, яғни Cardiff University филиалы, ММХҚИ филиалы, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің филиалы, Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінің филиалы ашылды. Қаланың 20 жоғары оқу орнында 105 мың студент оқиды.

Оқу жылының басындағы жағдай бойынша қалада 25 мың төсек-орынға арналған 64 студенттік жатақхана жұмыс істейді», - деді спикер.

Ұлттық статистика бюросының 2025 жылға арналған ресми деректеріне сәйкес, елордадағы NEET санатындағы жастар 28 мың адамды немесе 6,2% құрайды.

Спикер жүйелі негізде жастарды жұмысқа орналастыру бойынша шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, «Жасыл ел» жобасы аясында жазғы кезеңде 5200 жас, яғни оқушылар, студенттер және жұмыссыз жастар жұмысқа орналастырылған.

«JolTap» жобасы аясында жастар 7 цифрлық және 11 жұмысшы мамандықтары бойынша 2025 жылы 7 600 білім алған.

«Таза Қазақстан» бұл – сенбіліктер ғана емес, тілдің, ойлау мен ниеттің тазалығы. Акция аясында қысқы кезеңде қар тазалау жұмыстары, коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай тарату бойынша акциялар, сондай-ақ ағаш отырғызу, экскурсиялар, жасанды интеллектті пайдалана отырып, көрмелер және эко-киіз үй орнату жұмыстары жүргізілді.

«Заң және тәртіп» аясында есірткі заттарын жарнамалайтын жазуларды бояу бойынша тұрақты негізде рейдтер жүргізіледі. Сондай-ақ қоғамның назарын осы мәселеге аудару мақсатында танымал блогерлердің қатысуымен спорттық жаттығулар ұйымдастырылды», - деді Самат Ибраев.

Жастар арасында лудоманияның, интернет-алаяқтықтың және буллингтің алдын алу үшін «Жарқын болашақ» жобасы іске асырылды. Жоба аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп ауқымды форумдар, қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі іс-шаралар, рейдтер, подкасттар мен бейнероликтер ұйымдастырылды.

«ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Бұдан басқа, есірткі заттарын сату және жастарды есірткі бизнесіне тарту фактілерін анықтау мақсатында интернет-кеңістікке тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі волонтерлік қызмет болып саналады. Елордада еріктілер фронт-офисі жұмыс істейді. Волонтерлік ұйымдардың жалпы саны – 50, оның ішінде 30 белсенді волонтерлік ұйым және 20 бастамашыл топ. Белсенді еріктілер саны – 6000 адам. Волонтерлік қызметке қала бойынша 75 мыңнан астам адам тартылған.

«Астана жастары» еріктілері халықаралық және республикалық деңгейдегі 130 іс-шараға қатысты.

«Сондай-ақ әскери-патриоттық бағытта жұмыс істейміз. «Жас сарбаз» жобасы аясында ардагерлермен және батырлармен батылдық сабақтары, фильмдер көрсетілімдері, патриоттық әндер байқаулары сияқты іс-шаралар өткізілді. Бүгінде елорданың 63 мектебі мен 14 колледжінде «Жас сарбаз» сыныптары мен клубтары жұмыс істейді, тәрбиеленушілер саны 3 мыңнан асады», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, іске асырылған іс-шаралар мен жобалар жастар арасында жаман әдеттердің алдын алуға, оның саналы таңдауын және қоғамдық өмірге белсенді қатысуын қалыптастыруға ықпал етті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елордалық волонтерлер жалғыз тұратын қариялардың ауласын қардан тазартып, қолғабыс еткенін жазғанбыз.