Биыл құрылыс материалдарын өндіруге қатысты 38 жоба іске қосылады
Үкімет отырысында Премьер-министр құрылыс көлемінің жыл сайын өсуіне байланысты құрылыс материалдарына да сұраныс артып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондықтан тапшылық пен бағаның өсуіне жол бермеу, сондай-ақ отандық өндірісті қолдау мақсатында қажетті құрылыс материалдарын өндіру жобалары жүзеге асырылып жатыр.
«Биыл елімізде осындай 38 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Өнеркәсіп министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, олардың уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуі тиіс», - деді Олжас Бектенов.
Жалпы бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.
Еске сала кетсек, Бәйтерек холдингі өзінің еншілес ұйымдары Қазақстан тұрғын үй компаниясымен және Отбасы банкпен бірлесіп былтыр тұрғын үй құрылысына жалпы 2,35 трлн теңге сомасында қолдау көрсетті.