Нұрболат Айдапкелов: Биыл тұрғын үй құрылысын қолдауға 2,4 трлн теңге бағытталады
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов Үкімет отырысында холдинг желісінің тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде Бәйтерек холдингі өзінің еншілес ұйымдары Қазақстан тұрғын үй компаниясымен және Отбасы банкпен бірлесіп, 2025 жылы тұрғын үй құрылысына жалпы 2,35 трлн теңге сомасында қолдау көрсетілгенін атап өтті.
Қазақстан тұрғын үй компаниясының ағымдағы қаржы көздері мен нарықтық қарыздар есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау сомасы 707,5 млрд теңгені құрады.
Бұл 3 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 35,6 мың пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік берді. Ел бойынша көппәтерлі тұрғын үйді іске қосудағы Қазақстан тұрғын үй компаниясының үлесі – 22%.
238,2 млрд теңге көлеміндегі облигациялық қарыздар нарықтық шарттармен тартылып, өңірлерге бағытталды оның ішінде:
- жалға берілетін тұрғын үйге 150,4 млрд теңге;
- инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге 87,8 млрд теңге.
Кредиттік тұрғын үйді қаржыландыру шеңберінде 140,2 млрд теңгеге әкімдіктердің бағалы қағаздары сатып алынды.
Осылайша, ағымдағы көздермен нарықтық қаражатты араластыру есебінен 1,8 млн шаршы метр немесе кезекте тұрғандар үшін 23 мыңға жуық әлеуметтік пәтер белгіленген бағамен берілді.
«Биыл Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы қолдау сомасы 700 млрд теңгеден асып, шамамен 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылатын болады. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша 2025 жылы Отбасы банк халыққа жалпы сомасы 1 трлн 645 млрд теңгеге 77 148 қарыз берді.
2026 жылы баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасына Отбасы банктің барлық бағдарламалары бойынша жеңілдетілген ипотекалық кредит арқылы 1 трлн 630 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беру жоспарланып отыр. Бәйтерек холдингі 2026 жылы тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге сомасында қолдау көрсетеді», - деді Нұрболат Айдапкелов.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында Үкімет алдына жеті жылда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті қойылды. Жоспар бойынша биыл 18,5 млн шаршы метр пайдалануға беріледі.