Президент бағдарламасы аясында 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Президент бағдарламасы аясында 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында Үкімет алдына жеті жылда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті қойылды. Жоспар бойынша биыл 18,5 млн шаршы метр пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Болжамға сәйкес, 2026 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18,5 млн шаршы метр. Осы ретте, тұрғын үй құрылысын ынталандыру ұлғайған кезде бұл көрсеткіш жоғарылауы мүмкін», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысы бойынша ең үлкен көрсеткіштер республикалық маңызы бар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларына тиесілі болатыны болжанып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі сонымен қатар тұрғын үй құрылысының қарқыны нәтижесінде көрсеткіштер үш жыл қатарынан жоспарланған деңгейден асып түскенін атап көрсетті.

Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның алдындағы жылғы көрсеткіштен асып түсті. Жалпы алғанда, жоспарлы көрсеткіш елдің 18 өңірінде артығымен орындалды.