Биыл елімізде қандай энергия нысандары іске қосылады

Бүгін, 14:34
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Биыл елімізде қандай энергия нысандары іске қосылады
Фото: freepik.com

Биыл Қазақстанда дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерінен 2,64 ГВт қуатты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жобаларды іске асыру 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай елдегі энергия тапшылығы мәселесін толық шешуге, ал 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне шығуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлады Elordainfo.kz Энергетики министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жылы 3,7 млрд киловатт-сағат энергия импортталғанын атап өтіп, жаңа қуаттарды іске қосу жұмысын күшейтуді тапсырды. Биыл 4 бу-газ қондырғысы (БГҚ), 2 жел электр станциясы, 4 күн электр станциясы іске қосылады және екі электр станциясын кеңейту жоспарлануда. Аталған энергия нысандары жылына шамамен 16 млрд киловатт-сағат энергия өндіреді.

«Энергия қауіпсіздігін нығайтуға қуаты 2,4 ГВт болатын ірі бу-газ қондырғылары (БГҚ) негізгі үлес қосады. Биыл оңтүстік өңірлерді электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ететін 4 бу-газ қондырғысы пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын БГҚ іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде, ал Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын қуатты БГҚ құрылысы жалғасып жатыр», - деп жазылған ақпаратта.

Ауқымды жаңғырту жұмыстары елдің ең ірі мегаполисін де қамтыды. Атап айтқанда, Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 алаңдарында жиынтық қуаты 1,1 ГВт болатын заманауи бу-газ қондырғылары салынып жатыр, бұл қаланы сенімді әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етеді.

«Текелі энергия кешені» (17 МВт) нысандарында және Атырау ЖЭО-да өңірлік генерацияны нүктелі нығайту жұмыстары жүргізілуде, онда жалпы қуаты 60 МВт болатын жаңа турбоагрегат пен қазандық іске қосылады. Энергия теңгерімін «жасыл» технологиялар есебінен әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) пулы қуаты 245 мегаватт болатын бірқатар маңызды нысандармен толығады», - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
 

Қостанай облысында 2 жел электр станциясы іске қосылады: 50 мегаваттық «Aspan Energo» және 100 мегаваттық «Гиперборея». Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай және Жетісу облыстарында жиынтық қуаты 92 мегаватт болатын 4 күн электр станциясын іске қосу күтілуде. Сонымен қатар, Түркістан облысында «ТАУЭНЕРГО» компаниясының шағын ГЭС-і жұмысын бастайды.

Бұған дейін Олжас Бектенов Астананың энергетикалық инфрақұрылымын тексергенін жаздық.