Бибігүл Жексенбай: аудандық және облыстық баспасөздің мұрағатын сақтау аса маңызды

Бибігүл Жексенбай: аудандық және облыстық баспасөздің мұрағатын сақтау аса маңызды
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Сенатор Бибігүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында аудандық және облыстық баспасөз мұрағатын сақтаудағы өзекті мәселелер туралы жария етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Деректер бойынша Қазақстандағы 200-ден астам аудандық және қалалық газеттің көбі жүз жылдан астам уақыт бойы шығып келеді. Бұл басылымдар еліміз аймақтарының әлеуметтік-экономикалық даму барысын жазды, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми шешімдерін жариялады және елдімекендердің күнделікті өмірін көрсетті. Дегенмен, соңғы жылдары аудандық баспасөз мұрағаттары жүйелі проблемаларға тап болуда. Редакциялар жабылған немесе қайта құрылған кезде мұрағаттар жоғалуда немесе мүлдем жойылады. Еліміздегі 1930-2000 жылдарда шыққан аудандық газеттердің бірыңғай цифрлық тізілімі мен толыққанды электрондық қоры да жоқ.

Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, құқықтық қауіптер ерекше алаңдаушылық туғызады, өйткені 1990-2000 жылдары көптеген ресми шешімдер тек аудандық газеттерде жарияланды және мұрағаттардың жоғалуы азаматтардың құқықтарын қорғауға және сот практикасына әсер етуі мүмкін.

«Тарихи-мәдени мұраның жойылу қаупі тұр. Аудандық газеттер – тәуелсіздік жылдарының шынайы шежіресі, өңір тарихының баға жетпес дереккөзі болып саналады. Архивтерді қабылдау, сақтау және цифрландыру тәртібі өңірлерде әркелкі. Бірыңғай ұлттық стандарт пен жауапты оператор айқындалмаған. Аудандық газеттер архивтері: ғылыми зерттеулерге; демографиялық және әлеуметтік талдауға; мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалауға; журналистер мен өлкетанушылардың жұмысына аса құнды дереккөз болып табылады. Бұл бағыт толықтай «Ұлттық мұра», «Цифрлық Қазақстан» бастамаларының мақсаттарымен үндеседі», - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор сонымен қатар халықаралық тәжірибе көрсеткендей, аймақтық және жергілікті газет мұрағаттарын сақтау және цифрландыру көптеген елде ұлттық басымдық болып саналатынын атап өтті. АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия елдерінде мұндай мұрағаттар жүйелі түрде Ұлттық қорларға беріледі және бірыңғай мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде цифрландырылады.

«Барлық облыс бойынша аудандық газеттер архивтеріне толық инвентаризация жүргізу, аудандық баспасөз архивтерін сақтау, цифрландыру және мемлекеттік архивтерге тапсырудың бірыңғай ұлттық стандартын әзірлеуді ұсынамыз. Біртұтас цифрлық аудандық баспасөз архивін құру мүмкіндігін қарастыру, архивтерді цифрландыруға, жабылған редакциялардың қорларын мемлекеттік архивтерге қабылдауға және бірыңғай іздеу жүйесі мен электрондық базаны құруға, қаржыландыру көздерін айқындау және қамтамасыз ету керек. Ликвидацияланған немесе қайта ұйымдастырылған газет редакцияларының барлық архив материалдарын облыстық мемлекеттік архивтерге міндетті түрде тапсыру тәртібін енгізу керек», - деді сенатор.

Бұған дейін Бибігүл Жексенбайдың Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатына пікірі туралы жазған едік.