Бектенов туризм мәселелерін шешу үшін Жедел үйлестіру кеңесін құруды тапсырды

Бүгін, 11:28
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бектенов туризм мәселелерін шешу үшін Жедел үйлестіру кеңесін құруды тапсырды
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов туризмді дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы әкімдер мен министрлер баяндамасын тыңдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Үкімет басшысы туризм саласында әлі де жүйелі мәселелер бар екенін айтты.

«Мәселелерді шешу үшін барлық әкімдіктің, «Атамекен» палатасының, әр өңірден туризм саласындағы ірі кәсіпкерлердің, сондай-ақ тиісті сарапшылардың қатысуымен Жедел үйлестіру кеңесін құру қажет. Оған Аида Ғалымқызы, басшылық етеді, - деп тапсырды Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Туризм министрлігіне үш күн мерзімде Үкімет Аппаратына тиісті өкім жобасын енгізу тапсырылды.

Жедел үйлестіру кеңесіне тапсырма берілді:

- Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы мен ескертулерін назарға ала отырып, Туризмді дамыту тұжырымдамасына арналған Іс-қимыл жоспарын жаңарту;

- мемлекеттік органдардың бірінші басшылары үшін тиісті индикаторларды қарастырып, туристік бизнесті қолдаудың нақты әрі тиімді шараларын әзірлеу;

- әрі қарай туристік маусымды жедел қамтамасыз ету барысы жергілікті жерлерде әр облыстағы Жедел штабтардың бақылауымен жүзеге асырылады.

«Бұл іске немқұрайлы қарауға болмайды. Үкімет Аппараты туристік нысандарды жүйелі түрде тексеріп, жағдайды үнемі қадағалап отырады. Жазғы туристік маусым басталғанға дейін министрлік пен әкімдіктер демалушыларды қолайлы жағдаймен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылдасын, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұған дейін халықаралық онлайн-платформаларда Қазақстанға туристік турлар үш есе өскенін жаздық.