Бектенов: Цифрлық инфрақұрылымды жүзеге асыру үшін тұрақты энергетикалық базаны дамыту қажет
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов энергетикалық базаның экономиканың жаңа технологиялық моделіне көшудегі басты рөлін атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мемлекет басшысы сұхбатта атап көрсеткен тәсілдерді ескере отырып, экономиканың жаңа технологиялық моделіне көшу тұрақты және сенімді энергетикалық базаның болуымен тікелей байланысты екенін түсіну қажет.
Жоғары өнімді есептеулер, деректерді өңдеу орталықтары, автоматтандырылған және роботтандырылған өндірістердің дамуы объективті түрде энергияны тұтыну көлемінің еселеп өсуімен қатар жүреді. Ол үшін генерация мен желілік инфрақұрылымды қарқынды дамыту қажет.
Энергетика министрлігіне Жасанды интеллект, Ұлттық экономика және Өнеркәсіп министрліктерімен бірге цифрлық инфрақұрылым мен өнеркәсіп саласындағы жобаларды жүзеге асыруды ескере отырып, электр энергиясының өндірісі мен тұтынудың ұзақ мерзімді балансын жаңартуды қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.
Аталған мәселелер бойынша бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.