Референдум-2026

Бақберген Әлиасқар: Бокс жолын Астанада таңдадым

Бақберген Әлиасқар: Бокс жолын Астанада таңдадым
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Бокстан болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың бірі, U22 санатындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқар Астананың оның өміріне қалай әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мен Қызылорда облысының тумасымын. 6-сыныпта елордаға қоныс аударып, бокс жолын таңдадым. Арманым – әлем чемпионы атану. Сол бала күнгі арманым үшін әлі де аянбай еңбек етіп келемін.

Жетістікке жету үшін бұл қалада мүмкіндік өте көп. Біріншіден, мені түсінетін бапкерімді таптым. Екіншіден, бокспен айналысуға арналған залдар жеткілікті. Үшіншіден, 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында сәтсіз өнер көрсеткеніме қарамастан, мені бірден есептен шығармай, оқу-жаттығу жиындарына тұрақты түрде қатыстырып келеді. Соның нәтижесінде халықаралық жарыстарда да үздік атандым.

Енді ең тартысты салмақ дәрежелерінің бірі – 80 келіде көшбасшы болу өзімнің еңбегім мен дайындық деңгейіме байланысты», – деді Бақберген Әлиасқар.

Спортшы сөз соңында ел тұрғындарын Астана күнімен құттықтады.

«Астана қаласы – еліміздің өсіп-өркендеуінің, бірлігі мен жарқын болашағының символы.

Спортшы ретінде мен үшін Астана – тек еліміздің жүрегі ғана емес, күн сайын армандарыма бір қадам жақындататын қала. Дәл осы жерде жаттығып, жарыстарға қатысып, спортшы ретінде де, тұлға ретінде де шыңдалып келемін.

Спорт маған еңбекқорлықты, табандылықты және өз күшіме сенуді үйретті. Елордамызда спорттың дамуына жасалып жатқан жағдайлар бізді жаңа белестерді бағындыруға, еліміздің абыройын халықаралық ареналарда асқақтатуға жігерлендіреді.

Елордамыздың мерейі артып, көркейе беруіне тілектеспін! Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке, бірлік пен толағай табыс тілеймін.

Әр күніміз жаңа жетістіктерге, жеңістерге және игі бастамаларға толы болсын! Астана күні құтты болсын!» – деді спортшы.

Айта кетейік, 80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Бақберген Әлиасқар санаулы ай бұрын Әзербайжанда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанса, 2025 жылы Таиландта өткен U22 Азия чемпионатында чемпион атанған болатын.