Азия чемпионаты: Қазақстанның жас боксшылары үш алтын медаль жеңіп алды
Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан U19 және U23 жас санатындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына тағы үш алтын медаль түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
15 шілдедегі күндізгі сессияда U19 жас санатындағы қыздар арасындағы финалдық жекпе-жектер өтті.
70 келіге дейінгі салмақта Камила Оспанова финалда өзбекстандық Мафтуна Янгиеваны жеңіп, Азия чемпионы атанды.
80 келіге дейінгі салмақта Айдана Убайдуллақызы үндістандық Мегха Шеокандтан басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Ал 80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай Үндістан өкілі Прачи Токасты жеңіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Осылайша, U19 жас санатындағы Қазақстан құрамасының қоржынында қазір үш алтын және бес қола медаль бар.
Бұған дейін Мадира Жұмақан (48 келіге дейін), Едіге Нұрғожа (55 келіге дейін), Ақнұр Тұрсынғали (57 келіге дейін), Айсұлу Мұхит (65 келіге дейін) және Жалғас Утебеков (90 келіге дейін) қола жүлдеге ие болған еді.
Айта кетейік, бүгін кешкі сессияда U23 жас санатындағы әйелдер арасындағы финалдық жекпе-жектер өтеді. Ал 16 шілдеде ерлер арасындағы шешуші кездесулер ұйымдастырылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылы Үндістанда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы әлемдік жүлдені жеңіп алған боксшы Назгүл Боранбаева Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында боксты қалай таңдағанын, тарихи жүлдені қалай қабылдағанын, сол кезеңдегі қиындықтар мен қазіргі буынның артықшылықтары туралы айтты.