1 млн-ға жуық ауыл тұрғынына медициналық қызмет қолжетімді болды

Бүгін, 13:54
Думан Аманжол Думан Аманжол
1 млн-ға жуық ауыл тұрғынына медициналық қызмет қолжетімді болды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Елімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының негізгі кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Ұлттық жоба аясында ауылдық жерлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 655 нысан пайдалануға берілді.

Бұл медициналық мекемелердің көмегімен шалғай ауылдарда тұратын 1 млн-ға жуық тұрғынға медициналық қызмет қолжетімді болды. Енді олар ем алу үшін аудан орталығына бармай-ақ, өз ауылдарында қажетті көмекті ала алады.

«2023–2025 жылдары жүзеге асқан жоба аясында 260 медициналық пункт, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория салынды. Барлық нысан заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жаңа медициналық мекемелердің ашылуы ауыл тұрғындарына профилактикалық тексеруден өтуге, вакцинация алуға, диспансерлік бақылауда болуға
және бастапқы медициналық диагностикадан тұрғылықты жері бойынша өтуге мүмкіндік берді. Бұл ауруларды ерте анықтап, дер кезінде емдеуге жол ашып отыр» - делінеді хабарламада.

Сонымен қатар, бүгінде 32 аудандық аурухананың 9-ы көпбейінді орталық аудандық аурухана мәртебесіне ие болды.

Еске салсақ, Астанада жаңа балалар травматологиялық пункті ашылды