Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түсетінін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген.
Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, тәуелсіздігіміз, егемендігіміз және аумақтық тұтастығымыз мызғымас құндылықтар болып қала береді және еліміздің унитарлығы, жерінің тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейді деген аса маңызды сөздер бар.
«Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі. Бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылады.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция жобасын шын мәнінде озық, яғни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар. Онда конституциялық құрылысқа қатысты әлемдегі үздік тәжірибелер көрініс тапқан, адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғалған», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президенттің жаңа Конституция жобасына енген нормалар саяси жүйенің бірізділігін бекітетінін айтқанын жаздық.