Референдум-2026

Астананың соңғы майдангері Рзағұл Байкешев 103 жасында дүниеден өтті

12 тамыз, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астананың соңғы майдангері Рзағұл Байкешев 103 жасында дүниеден өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ұлы Отан соғысының қатысушысы, елорданың соңғы майдангері Рзағұл Байкешев 103 жаста дүниеден өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Ардагермен қоштасуға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Зейнұлқабден Табиғат, Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Рүстембек Тәуекелов, Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ардагердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Майдангердің отбасына Қорғаныс министрі атынан көңіл айтуды Астана қаласы Алматы ауданының қорғаныс істері басқармасының бастығы подполковник Серік Қасенов жеткізді.

Іс-шара Құрмет қарауыл ротасы мен Әскери оркестрдің қатысуымен өтті. Ардагерді ақтық сапарға шығарып салу барысында жаназа намазы оқылды.

Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Кеңес әскері құрамында Ржев түбіндегі шайқастарға, Великолукск шабуыл операциясына, Польша мен Венгрияны азат етуге қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алды.
Рзағұл Байкешевтің ерлігі мен батылдығы Отан соғысы ордендерінің I және II дәрежелерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік наградалармен атап өтілді.

Рзағұл Байкешевтің соңғы сапары Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылында (бұрынғы Рождественка) өтті. Ардагер осы жерде ұзақ жылдар бойы совхозда экспедитор болып еңбек еткен. Жеңіс сарбазының құрметіне салют командасы қарудан үш дүркін салют атты.
Майдангердің ерлігі мен өнегелі өмір жолы жайлы жарқын естелік тарихта және ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталады.

Еске салсақ, биыл елордада соғыс ардагері Рзағұл Байкешевке құрмет көрсетілген болатын.