Астананың бас санитар дәрігері тұрғындарға маңызды үндеу жасады
Астанада қызылша ауруын жұқтыру жағдайы үдеп барады. Олардың басым бөлігі балалар арасында анықталуда. Қызылшаның алдын алудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация. Иммундаудың маңыздылығы туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Айгүл Шағалтаева айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, инфекцияның таралуын тоқтату үшін халықтың кемінде 95 пайызы екпе алуы қажет, өйткені дәл осы деңгейде тұрақты ұжымдық иммунитет қалыптасады.
Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация Ұлттық екпе күнтізбесі аясында жүргізіледі: алғашқы доза 12 айлық кезде, екінші доза 6 жаста салынады. Вакцинаның тиімділігі 95 пайыздан асады, бұл оның жоғары сенімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдейді.
Қазіргі уақытта Астана қаласының емханаларында жоспарлы екпені өткізіп алған балалар мен жасөспірімдерге «қуып жету» вакцинациясы жүргізілуде. Сонымен қатар егілмеген немесе вакцина мәртебесі белгісіз адамдарға науқаспен байланыстан кейін 72 сағат ішінде шұғыл иммундау жасалады. Бұл аурудың дамуын болдырмауға және вирустың таралу тізбегін үзуге мүмкіндік береді.
Балаларды вакцинациялау өмірлік маңызға ие, өйткені ол қауіпті жұқпалы аурулардан қорғайды, иммунитет қалыптастырады және қоғамдағы ұжымдық қорғауды күшейтеді. Вакциналар қауіпсіз әрі тиімді, ауыр асқынулардың алдын алады және қызылша немесе полиомиелит сияқты аурулардың қайта таралуына жол бермейді.
Ата-аналарға баланы екпеге дұрыс дайындау маңызды: баланың денсаулық жағдайын, созылмалы ауруларының бар-жоғын және алдыңғы вакцинацияларға болған ықтимал реакцияларды ескеру қажет.
Мамандар жанама әсерлер болуы мүмкін екенін айтады, алайда егілмеген бала үшін ауру асқынуларының қаупі әлдеқайда жоғары.
«Құрметті ата-аналар мен Астана тұрғындары!
Бүгінде қызылшаның таралуын тоқтатуға нақты мүмкіндік бар – ол үшін жауапты әрі саналы шешім қабылдап, вакцинациядан өту қажет. Балаларыңыздың екпе мәртебесін тексеріп, вакцина салдырмаған немесе өткізіп алған жағдайда дер кезінде екпе алуды қамтамасыз етіңіздер. Науқаспен байланыстан кейін шұғыл иммундаудан бас тартпаңыздар, себебі бұл – тиімді қорғаныс шарасы. Ауру белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініңіздер», – деп елорданың бас санитар дәрігері астаналықтарға үндеу жасады.